ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНЫ МЕН ӨНЕР ШАТТЫҒЫ ТОҒЫСҚАН КЕШ
17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Қызылорда ашық университетінің және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің ұйымдастыруымен мерекелік салтанатты кеш өтті. Жастардың білімге деген құштарлығын арттыру, шығармашылық әлеуетін қолдау және студенттік өмірдің жарқын сәттерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шара көтеріңкі көңіл күйде өрбіді. Салтанатты кеште университеттің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абдикаримов Бақытхан Жүнайдұлы мен Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Құрманов Руслан Болатбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жастарға ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ университеттің және колледждің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім, өнер және түрлі бағыттарда жоғары жетістіктерге қол жеткізген студенттер арнайы марапаттарға ие болды.
Мерекелік кештің көркін студент жастардың өнерлі қойылымдары мен шығармашылық өнер көрсетулері аша түсті. Көрермен назарына Шыңғыс Айтматовтың «Найман Ана» шығармасынан сахналық үзінді ұсынылып, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның маңыздылығы дәріптелді. Сонымен қатар заманауи би, «Кел, құдаша!» ән-би қойылымы, үнді биі және әсем әндер кештің шырайын кіргізді. Әсіресе, студент Санжар Ғабитұлы мен күйші Болат Күзембаевтың орындауындағы күй тартыс көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жас өнерпаздардың орындауындағы «Біздің достық» әні мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.
Жастардың таланты мен шығармашылық ізденісін, өнерге деген сүйіспеншілігін айшықтаған мерекелік шара жоғары деңгейде қорытындыланды. Салтанатты кеш студенттердің бірлігі мен достығын нығайтып, олардың қоғамдық және мәдени өмірге белсенді араласуына тың серпін берді. Білім мен өнерді қатар ұштастырған жас буынның жарқын жетістіктері университеттің басты мақтанышы екені тағы бір мәрте көрініс тапты. Мерекелік кеш қатысушыларға ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлап, студенттік өмірдің ұмытылмас сәттерінің біріне айналды.