8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

  Қызылорда ашық университеті мен Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оқу орындарының ұжымы үшін әсерлі әрі мазмұнды кеш өтті.

  Мерекелік шараға университет пен колледждің оқытушылары, қызметкерлері және студенттері қатысып, нәзік жандыларға деген құрмет пен ілтипаттарын білдірді. Әсіресе ер азаматтар қауымы мерекелік кештің бел ортасында болып, аяулы аналар мен ардақты аруларға жүрекжарды құттықтауларын арнады.

  Кеш барысында оқу орындарының әсем ару оқытушыларына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өткізіліп, білім мен тәрбие саласында табысты еңбек етіп жүрген ұстаздар алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен құрметтелді. Бұл – олардың кәсіби еңбегі мен білім беру ісіне қосқан үлесіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.

  Мерекелік бағдарламаның сәнін студенттердің дайындаған әндері мен әсерлі билері келтірді. Кеш барысында ұсынылған шығармашылық нөмірлер көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, мерекенің шырайын аша түсті.

  Мерекелік кеш ән мен би, жылы лебіздерге толы болып, нәзік жандыларға деген құрметтің айқын көрінісі ретінде өтті. Барша қыздар қауымын шын жүректен құттықтаймыз!