«Тәуелсіз елдің тірегі – көшбасшы жастар» дебат ойыны

Қызылорда ашық университетінің «Педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз елдің тірегі – көшбасшы жастар» атты дебат ойыны өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, қоғамдық мәселелерге деген белсенді көзқарасын дамыту, сондай-ақ шешендік өнер мен сыни ойлау дағдыларын жетілдіру.

Дебатқа университеттің белсенді жастары қатысып, қоғамдағы өзекті тақырыптар бойынша терең талдау жасап, өз ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады. Екі топтың да дайындық деңгейі, логикалық ой қорытуы және пікірталас мәдениеті жоғары бағаланды.

Тартысты өткен интеллектуалдық сайыс нәтижесінде:
1 орын – Үкімет фракциясы
2 орын – Оппозиция фракциясы жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, ойын барысында ерекше белсенділік танытып, мазмұнды ойы мен дәлелді пікірлерімен көзге түскен қатысушы – Кітапхана ісі білім беру бағдарламасының білім алушысы Бақытбекұлы Дидар «Үздік спикер» номинациясына ие болды.

Бұл дебат студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, пікірін ашық жеткізуге мүмкіндік берді. Университетіміздің «Педагогика» кафедрасы алдағы уақытта да жастардың білімін тереңдетуге, шығармашылығын қолдауға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған осындай мазмұнды шараларды жалғастыра бермек.
Қатысушылар мен ұйымдастырушыларға белсенді еңбектері үшін алғыс білдіреміз.
Тәуелсіз елдің болашағы – білімді, жаңашыл, ойлы жастар!