Қызылорда ашық университеті AI-трансформация талқылауына қатысты

Қызылорда ашық университеті «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ ұйымдастырған Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі – жобаларды басқару тобының кеңейтілген отырысына қатысты.

Іс-шара «Жасанды интеллект – білім беру трансформациясының драйвері: маркетингтік стратегия, дизайн, дағдылар» тақырыбында өтіп, қазіргі білім беру жүйесін жаңғыртудағы жасанды интеллекттің рөлі кеңінен талқыланды.

Кеңейтілген отырыстың негізгі мақсаты – жасанды интеллектті білім беру үдерісіне интеграциялау жолдарын қарастыру, білім беру маркетингіндегі жаңа стратегияларды айқындау, педагогикалық дизайн мен цифрлық дағдыларды жетілдіру бағыттарын жүйелеу болды.

Пленарлық отырыста білім беру саласындағы инновациялық технологиялар мен педагог кадрларын даярлауды жаңғырту мәселелері көтерілді. Ал панельдік сессиялар бағалау жүйесін жетілдіру, жасанды интеллект жағдайында педагогтерді даярлау талаптары, зерттеушілік интервенциялар және AI-платформаларды тиімді пайдалану бағыттарына арналды.

Zoom қосымшасы арқылы өткен кездесу Қызылорда ашық университеті үшін педагогикалық білім беру сапасын арттыру, жаңа цифрлық мүмкіндіктерді меңгеру және жасанды интеллект негізіндегі құзыреттерді дамыту жолында маңызды тәжірибе алаңы болды. Университет өкілдері талқылауларға белсенді қатысып, білім беруді трансформациялау бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.