ҚЫЗЫЛОРДА АШЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ BINAR 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІНЕ ҚАТЫСУДА
Қызылорда ашық университетінің студенттері Индонезияның Тербука университеті ұйымдастырған BINAR 2025 халықаралық жазғы лагеріне қатысуда. BINAR (Bina Budaya Antarbangsa) — Тербука университетінің интернационалдандыру және халықаралық әріптестікті дамыту мақсатында ұйымдастырған алғашқы халықаралық жазғы лагері болып табылады.
Аталған бағдарлама биыл екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, қатысушы елдер мен жоғары оқу орындарының саны артты. BINAR 2025 лагеріне 22 елден 27 жоғары оқу орнынан 115 халықаралық студент қатысуда. Олардың қатарында Қазақстан атынан Қызылорда ашық университетінің студенттері де бар. Сонымен қатар, бағдарламаға Индонезияның Джокьякарта қаласынан 23 жергілікті студент қосылды. Бұл BINAR бағдарламасының халықаралық беделі мен маңыздылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Ашылу салтанатында Тербука университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Рахмат Будиман BINAR бағдарламасын онлайн және офлайн форматта білім алуға, мәдени алмасуға және халықаралық серіктестік орнатуға арналған маңызды алаң ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама студенттердің көкжиегін кеңейтіп, жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Бағдарлама аясында техникалық брифинг өткізіліп, BINAR 2025 бағдарламасының онлайн кезеңі, офлайн форматтағы іріктеу критерийлері мен ұйымдастыру үдерістері таныстырылды.
Қызылорда ашық университетінің атынан BINAR 2025 халықаралық жазғы бағдарламасына қатысып жатқан студенттер:
- Бахтыбайұлы Бектұр (Ю-24-1)
- Бақытбек Ернияз (Ю-24-1)
- Базарбаева Ақнұр (Ю-24-1)
- Шәмел Гүласылы (ПП-24-1)
- Утаралы Жансая (ПМНО-23-1)
- Досболқызы Аружан (ПП-23-1)
BINAR бағдарламасы Қызылорда ашық университеті студенттеріне түрлі елдерден қатысып жатқан жастармен тәжірибе алмасуға, мәдениетаралық диалог орнатуға және халықаралық академиялық кеңістікте өзін жан-жақты дамытуға мол мүмкіндік беруде. Білім мен достық алаңына айналған BINAR 2025 бағдарламасына қатысып жатқан студенттерімізге сәттілік тілейміз!